Бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті. Оқиғаға федерация өкілдерінің араласуына тура келді.
Ресейдің Норильск қаласында ЖХЛ (Шайбалы хоккейден Ресей чемпионатының Жоғарғы лигасы) матчынан кейін төрешілердің басы дауға қалды. Олар киім ауыстыру бөлмесінде ішімдікке тойып алып, бейәдеп әрекеттер жасаған. Бейнежазба әлеуметтік желіде тарап кетті.
Аталған видеодан төрешілердің бірі хоккей таяғымен әдепсіз қимылдар жасап отырғаны байқалады. Удай мас екені де анық көрінеді.
Ресейлік БАҚ өкілдері таратқан ақпарға сәйкес, оқиға "Норильск" пен "Омские Крылья" арасындағы кездесуден кейін болған. Бұл матчқа Ильнур Хажиев, Иван Шмаков және Мирослав Скугарев төрелік еткен.
Видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткеннен кейін Мирослав Скугарев өз әрекеті үшін кешірім сұрап, болған жағдайды ішімдікпен байланыстырған.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Осыған байланысты Ресей хоккей федерациясы ресми мәлімдеме жасап, аталған төрешілерді барлық мән-жай анықталғанға дейін мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр.