Әсел Сабыржанқызы Олимпиада чемпионының бейнесін кілемге түсірді.
Қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызы Италияда өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа ерекше сый дайындады. Ол спортшының бейнесін кілемге түсірді.
Алматылық қылқалам шебері Instagram парақшасында жаңа туындысын бөлісіп, көпшіліктің назарын аударды. Суретші бұл жолы дәстүрлі кенептің орнына кілемді таңдаған.
Ең қызығы, туындыны дайындау барысында Әсел Сабыржанқызы конькиді қолданғанын атап өтті. Бұл – Олимпиада чемпионының спорттық жетістігін айшықтай түсетін символикалық шешім.
Суретші жазбасында оқырмандарына Михаил Шайдоровты белгілеуді сұрап, картинаны спортшының өзіне сыйға тартқысы келетінін жеткізді.
«Михаил Шайдоровты белгілеңіздер, картинаны сыйлағым келеді. Осы тарихи сәтті еліміз үшін мәңгілікке бейнелеп қалдырдым! Алға, Қазақстан!» – деп жазды Әсел Сабыржанқызы.
Жарияланым қысқа уақыт ішінде көптеген оң пікір жинады. Қолданушылар Шайдоровтың парақшасын белгілеп, кілемге салынған портретті суретшінің ең үздік жұмыстарының бірі деп атады.
Айта кетейік, Михаил Шайдоровтың Италиядағы Олимпиада ойындарында жеңіп алған алтыны – Қазақстан мәнерлеп сырғанауы тарихындағы алғашқы алтын медаль.