Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров әлем чемпионын туған күнімен құттықтады (ВИДЕО)
Қазақстандық шахмат жұлдызы Бибісара Асаубаева және өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаров үндістандық әлем чемпионы Гукеш Доммараджуды туған күнімен құттықтады.
Chess paparazzi Instagram-парақшасында Norway Chess турнирі кезінде түсірілген видео жарияланды. Кадрда турнир қатысушылары мен ұйымдастырушыларының ашық аспан астында жиналып, үнді гроссмейстеріне жылы лебіз білдірген сәті көрсетілген.
Шахматшылар Гукешті ерекше атмосферада құттықтады
Видеоға қарағанда құттықтау сәті күн ашық уақытта пирсте өткен. Шахматшылар жартылай шеңбер құрып, Гукеш Доммараджуға арнап дауыстап құттықтау айтқан.
Қатысушылардың арасынан Бибісара Асаубаеваны, Жавохир Синдаровты, сондай-ақ басқа да белгілі шахматшылар мен турнир ұйымдастырушыларын көруге болады.
Асаубаева Norway Chess турнирінде көш бастап тұр
Айта кетейік, Норвегия астанасы Ослода өтіп жатқан турнирдің 4 турынан кейін Бибісара Асаубаева 7 ұпаймен жалпы есепте бірінші орында келеді.
Қазақстандық шахматшы соңғы партияда қытайлық әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньді жеңіп, маңызды нәтижеге жетті.
Синдаров Бибісараны қолдау үшін Ослоға барды
Бұған дейін Жавохир Синдаровтың да Ослоға келгені хабарланған. Ол ерлер арасындағы жарысқа қатыспайды. Бірақ Бибісара Асаубаеваға қолдау көрсету үшін Норвегияға арнайы барған.
Бұл жағдай жанкүйерлер арасында қызу талқыланып, әлеуметтік желіде ерекше назар аудартты.
Әйелдер арасындағы Norway Chess-2026 турнирі 5 маусымға дейін жалғасады. Жарысқа барлығы алты шахматшы қатысып жатыр. Регламент бойынша олар екі айналымдық жүйемен өзара кездеседі.