Нани Өзбекстандағы демалыста да футболдан қол үзбеді (ВИДЕО)
"Ақтөбе" ФК португалиялық шабуылшысы Луиш Нани отбасымен бірге Өзбекстанға демалысқа барды.
Өзбекстанда көзге түсті
Португалиялық футболшы отбасымен бірге Чарвак демалыс аймағына барған. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары жариялаған видеодан белгілі болды.
Instagram желісіндегі azikoo_uzz парақшасында жарияланған кадрларда титулды футболшының шағын автобуспен курорттық аймаққа келген сәті көрсетілген. Видеода Нанидің көпбалалы отбасымен бірге көліктен түсіп жатқанын көруге болады.
Балалармен жағажайда доп тепті
Кейін жарияланған тағы бір видеода Луиш Нани жағажайда балалармен бірге доп ойнап жүргені байқалады. Бұрынғы Еуропа чемпионы жергілікті демалушылармен еркін араласып, балалармен футбол ойнаған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл сәтті жылы қабылдап, әлемдік деңгейдегі футболшының қарапайым мінезін атап өтті.
"Ақтөбеге" қашан ауысты?
Луиш Нани 2026 жылдың 25 қаңтарында ресми түрде "Ақтөбенің" ойыншысы атанды.
39 жастағы португалиялық жұлдыз осы трансфер үшін кәсіби мансабын қайта жалғастырған. Айта кетейік, Нани 2024 жылдың желтоқсанында футболдан кететінін мәлімдеген.
Қазақстандық клубпен жасалған келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін есептелген.
Луиш Нани әлемдік футболда "Манчестер Юнайтед" сапындағы өнерімен кеңінен танылды. Ағылшын клубымен бірге ол бірнеше ірі трофей жеңіп алған.
- 2007/2008 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының жеңімпазы;
- Англия Премьер-лигасының төрт дүркін чемпионы;
- Футбол лигасы кубогының иегері;
- 2008 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы;
- Португалия құрамасымен Еуро-2016 чемпионы.