"Айына 50 мың теңге төлейді": Боксшы Айдос Ербосынұлының экс-жұбайы Бас прокуратураға шағымданды

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлының бұрынғы жұбайы Нұрзат Ақжалбекова алимент мәселесіне байланысты ҚР Бас прокуратурасына үндеу жолдады.

"Айына 50 мың теңге төлейді": Боксшы Айдос Ербосынұлының экс-жұбайы Бас прокуратураға шағымданды
instagram/@yerbossynuly_aidos

Алимент көлеміне наразы

Нұрзат Ақжалбекованың айтуынша, Айдос Ербосынұлы үш баласына ай сайын небәрі 50 мың теңге көлемінде алимент төлеп отыр. Ол бұл соманың боксшының нақты табысына сәйкес келмейтінін алға тартып, тиісті органдардан жағдайды тексеруді сұрады.

"Сәлеметсіздер ме! Менің атым — Ақжалбекова Нұрзат. Мен бұл бейнеүндеуді Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жолдағым келеді.

Бұрынғы жолдасым Айдос Ербосынұлы алиментті толық көлемде төлемей жүр. Сонымен қатар, ол алиментті жалған анықтама негізінде төлеп отыр деп есептеймін. Құжатта ол “кедендік бақылауда” жұмыс істейді деп көрсетілген. Менің білуімше, бұл анықтама жалған рәсімделген. Оны “ИП ДАМИ” басшысы Марлен Кониев жасаған. Бұл туралы мәліметтерді төменде көрсетемін.

Қазір Айдос Ербосынұлы үш балаға айына бар болғаны 50 мың теңге төлейді. Бірақ ол шын мәнінде бұл қызметте жұмыс істемейді деп ойлаймын. Оны күн сайын Instagram парақшасынан көруге болады. Қазір ол келесі жекпе-жегіне дайындалып, жаттығу залында жүр. Мұндай жағдайда ол аталған жұмыста қалай қызмет атқара алады?

Сондықтан Бас прокуратурадан осы ақпаратты тексеруді сұраймын. Бұл жағдайға бейжай қарамай, әділ шешім қабылдауларыңызды өтінемін", — деді Нұрзат Ақжалбекова Instagram желісіндегі үндеуінде.

Айдос Ербосынұлының спорттық мансабы

Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокста екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Оның рекорды — 16 жеңіс, 1 жеңіліс, 11 нокаут. Бұған дейін WBO, WBC және WBA ұйымдарының аймақтық белбеулеріне ие болған.

Ербосынұлы 2022 жылдың қараша айында WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін кубалық Давид Моррельге қарсы шыққан. Аталған жекпе-жекте 12-раундта нокаутпен жеңіліп, ауыр бас-ми жарақатын алды. Кейін боксшы медикаментозды комаға енгізілді.

Операция мен ұзақ оңалту кезеңінен кейін денсаулығын қалпына келтіріп, медиа бағытта белсенділік таныта бастады. Кітап шығарып, подкаст жобасын іске қосты. Сонымен қатар боксшы үзіліске қарамастан рингке қайта оралу жоспары бар екенін айтып жүр.