Футбол және сыра: Англиялық жанкүйер ӘЧ-2026 қатысатын 48 елдің сусынын жинап шықты
Гас 48 сусынды жинау үшін жалпы алғанда 150 мың теңгеге жуық қаржы жұмсаған.
Лондонда тұратын музыкант АҚШ, Мексика және Канадада өтетін биылғы Әлем чемпионатына қатысатын барлық 48 мемлекеттің сырасын тауып, бірегей коллекция жинады.
Гас 2016 жылғы Еуропа чемпионатынан бері ерлер мен әйелдер арасындағы барлық ірі турнирлердің, тіпті "Еуровидение" байқауының да қатысушы елдерінен сусын жинауды әдетке айналдырған. Бірақ биыл командалар санының 48-ге дейін көбейгені қиындық тудырған.
"Мұның бәрін жинау үшін көп уақыт пен күш кетті", – дейді Гас BBC Sport-қа берген сұхбатында.
Ол бұл маусымның дайындығын 2025 жылдың басында, Азия іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасы алға шыға бастағанда-ақ қолға алған.
Қиындық тудырған елдер қандай?
Кейбір елдердің сусынын табу оңай болғанымен, ислам елдері мен ішімдікке тыйым салынған аймақтар Гасқа қиындық тудырған.
Солардың бірі Иранда алкогольге қатаң тыйым салынғандықтан, Гас арнайы алкогольсіз уытты сусын іздеген. Бұған Лондонның солтүстігіндегі Финчли ауданында тұратын ирандық диаспора көмектесіп, қажетті сусынды тауып берген.
Ал Ирактың сусынын алу үшін Гас Польшада тұратын жігіттен ананас дәмі бар алкогольсіз сусынды 30 фунт стерлингке сатып алған.
Қатар мен Сауд Арабиясынан алу үшін Гас финляндиялық тағы бір коллекционермен сирек кездесетін ағылшын сырасын Катардың "Fizzin" және Сауд Арабиясының "Moussy" сусындарына айырбастауға мәжбүр болған.
Коллекцияны не істемек?
Гас бұл 48 сусынды жинау үшін жалпы алғанда 250 фунт стерлинг (шамамен 150 мың теңге) жұмсаған.
"Әлем чемпионатында қай команда жарыстан шығып қалады, сол елдің сырасын ашып ішемін. Сол ел үшін арнайы көтеріп отырамын", – дейді жанкүйер.
Еске сала кетейік, футболдан әлем чемпионаты 11 маусым күні басталады. Алғашқы ойын Мексика мен Оңтүстік Африка арасында өтеді.