Бокстан екі дүркін әлем чемпионы жаңа әскери атақ алды
Сәкен Бибосынов енді аға лейтенант атанды.
Бибосынов аға лейтенант атанды
ЦСКА баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 жастағы боксшыға аға лейтенант шені берілген.
Армия орталығының спортшысы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов бұған дейін әуесқой бокста жоғары нәтижелерімен көзге түскен. 2021 және 2025 жылдары әлем чемпионатында топ жарып, екі мәрте әлем чемпионы атанған.
"Армия орталығының спортшысы, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов аға лейтенант атағын алды. Сәкенді кезекті әскери шенімен шын жүректен құттықтаймыз!" — делінген ЦСКА хабарламасында.
Олимпиада жүлдегері және әлем чемпионы
Сәкен Бибосыновтың спорттық мансабында әлем чемпионаттарындағы алтын медальдардан бөлек, Токио Олимпиадасының қола жүлдесі де бар.
Ол Қазақстан боксының жеңіл салмақтағы беделді өкілдерінің бірі саналады және халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингте де бақ сынап үлгерді. Екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен.