"Балалар аш отыр": Шавкат Рахмоновтың жары пәтерін қайтаруды талап етті

Футбол шолушысы

Шавкат Рахмоновтың отбасына қатысты дау қайта өршіді.

"Балалар аш отыр": Шавкат Рахмоновтың жары пәтерін қайтаруды талап етті
instagram/@kerey_khan03

Рахмоновтың жары әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады

Шавкат Рахмоновтың жары Гүлайым Instagram stories арқылы отбасылық жанжалға қатысты жаңа мәлімдеме жариялады. Ол осы уақытқа дейін үнсіз қалғанын, бұған құрсағында көтеріп жүрген баласы себеп болғанын жазды.

Гүлайымның айтуынша, енді ол мәселені бейбіт жолмен шешкісі келеді және қарсы тарапты адвокатымен байланысуға шақырған.

“Осы уақытқа дейін үндемей, ішімдегі бала үшін сабыр сақтадым. Шавкаттың анасы менің пәтерімді және балаларға тиесілі нәрсені қайтарсын! Мен ұлды қайтардым, енді менің пәтерімді қайтарыңыздар! Адвокатыммен байланысып, бәрін бейбіт түрде шешейік. Әйтпесе менің де жоғалтатын ештеңем жоқ. Маған қатысты қорлайтын видеолар, жазбалар мен суреттер бар. Ал менің уақытым жоқ, балаларды асырауым керек... Сіздердің кесіріңізден балалар аш отыр, дәрі алуға да мүмкіндік жоқ. Ертең байланысқа шығады деп үміттенемін. Егер шықпасаңыздар, тиісті адамдарға ашық түрде жүгінемін. Мені бақылап, бәрін оқып отырғандарыңызды білемін”, — деп жазды ол.

Отбасылық дау неден басталды?

Шавкат Рахмонов пен Гүлайымның айналасындағы дау олардың ажырасу процесі, отбасылық келіспеушіліктер және адам өліміне әкелген жол апатына қатысты қылмыстық іспен байланысты.

2025 жылдың жазында Гүлайым Жамбыл облысында Toyota Land Cruiser көлігін басқарып келе жатып, ауыр жол апатына түскен. Көлік аударылып, салдарынан екі адам — оның сіңлісі мен құрбысы қаза тапқан. Гулайымның өзі және кішкентай ұлы жарақат алған.

2026 жылдың наурызында сот Гүлайымды кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бірақ жаза 5 жылға кейінге шегерілді.

Сол айда Гүлайым күйеуінің отбасынан кеткенін көпшілік алдында мәлімдеген. Ол кезде ерлі-зайыптының төрт ортақ баласы болған, ал Гүлайым бесінші баласына аяғы ауыр еді.

Гүлайым бесінші баласын 15 мамырда дүниеге әкелді. Қазір ол әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде балалардың жағдайын айтып, өзіне тиесілі пәтер мен балаларға қатысты мүлікті қайтаруды талап етіп отыр.

Әзірге Шавкат Рахмонов немесе оның отбасы бұл мәлімдемеге ресми жауап берген жоқ.