Михаил Шайдоров Зарина Диастан теннис сабағын алып, мәнерлеп сырғанаумен салыстырды (ВИДЕО)
Қазақстандық теннисші Зарина Дияс әлеуметтік желіде 2026 жылғы Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровпен бірге түсірілген видеоны жариялады. Бейнежазбада Шайдоров теннис ойнап көріп, бұл спорт түрінің мәнерлеп сырғанаумен ұқсастығын айтты.
Шайдоров теннис кортына шықты
Зарина Диас жариялаған видеода Михаил Шайдоровқа теннистен шағын шеберлік сабағын өткізеді. Әңгіме барысында екеуі теннис пен мәнерлеп сырғанаудың психологиясы, сезімге сүйену және жеке спорт түріндегі жауапкершілік туралы пікір алмасты.
Шайдоровтың айтуынша, теннис оған ұнайды, себебі бұл спорттың тарихы терең әрі ол мәнерлеп сырғанау секілді жеке жауапкершілікке негізделген.
“Маған теннис өте ұнайды. Бұл спорттың тарихы үлкен. Сонымен қатар ол барынша жеке спорт түрі. Біздегідей, бәрі өзіңе байланысты”, — деді Шайдоров.
Диас пен Шайдоров спорттағы “сезім” туралы сөйлесті
Зарина Диас теннисте кейде бір соққыны сезіну қиын болатынын айтты. Оның сөзінше, спортшы белгілі бір элементті бірнеше апта бойы дұрыс сезінбей жүруі мүмкін.
Шайдоров та мәнерлеп сырғанауда мұндай жағдайлар болатынын жеткізді. Оның айтуынша, мұздың сапасы, конькидің жағдайы және жаттығудан үзіліс жасау спортшының сезіміне тікелей әсер етеді.
“Иә, бізде де ондай болады. Бұл мұздың сапасына да, конькиге де байланысты. Бір апта сырғанамасаң, ештеңені сезбей қалуың мүмкін”, — деді Олимпиада чемпионы.
Шайдоров сүйікті теннисшісін атады
Әңгіме барысында Зарина Диас Михаил Шайдоровтан сүйікті теннисшісі кім екенін сұрады. Мәнерлеп сырғанаушы қазақстандық теннисші Александр Бубликті ерекше атап өтті.
“Саша Бублик шығар. Ол эмоцияға толы, көңілді ойыншы”, — деді Шайдоров.
Олимпиада маусымындағы психологиялық қысым
Шайдоров спорттық психологпен жұмыс істегенін де айтты. Оның сөзінше, бұл әсіресе Олимпиада маусымында үлкен көмегін тигізген.
“Олимпиада маусымында бұл маған қатты көмектесті. Себебі ол кезең әрдайым ең қиын болады. Мен үшін бұл өмірімдегі ең ауыр маусымдардың бірі болды. Тамыздан ақпанға дейін эмоция өте көп болды. Ең бастысы — сол қысымды көтере білу керек еді”, — деді спортшы.
Диас Шайдоровқа соққы техникасын көрсетті
Видео барысында Зарина Дияс Шайдоровқа оң жақтан соққы жасаудың техникасын түсіндірді. Ол мәнерлеп сырғанаушының допты сермеусіз ұрып жатқанын байқап, амплитуданы кеңейту керегін айтты.
“Мен саған оң жақтан соққыны көрсетейін. Сен қазір сермеусіз ойнап тұрсың. Ал оң жақтан соққанда қозғалыс кең болуы керек. Қорықпай, еркін сермеу қажет. Сенде оң жақтан жақсырақ шығып жатыр”, — деді Диас.
Шайдоров болса, мәнерлеп сырғанауда айналысты бастау кезінде қолдың қозғалысы маңызды екенін айтып, теннистегі қимылмен ұқсастық тапты.
Зарина Диас секіру элементін қайталап көрді
Кездесудің соңында Михаил Шайдоров Зарина Диасқа мәнерлеп сырғанаудағы секіру элементтерінің бірін көрсетті. Диас оны қайталап көруге тырысты.
Шайдоров оған қону кезінде оң аяққа түсу керегін түсіндірді.
“Оң аяққа түсу керек. Бұл — соған жақын болды. Тек қонуды оң аяқпен аяқтау қажет”, — деді Шайдоров.
Зарина Диас мансабын аяқтағанын жариялаған еді
Зарина Дияс ұзақ уақыт бойы Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды. 2026 жылдың 10 сәуірінде ол кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде мәлімдеді. 32 жастағы теннисші бұл шешімін Instagram парақшасында жариялады.
11 сәуірде Астанада Билли Джин Кинг кубогы матчының алдында WTA турнирінің бір мәрте чемпионы Зарина Дияасқа арналған қоштасу рәсімі өтті.
Шайдоров Қазақстан спортының тарихына енді
Михаил Шайдоров 2026 жылғы Милан қысқы Олимпиадасында сенсация жасап, алтын медаль жеңіп алды. Бұл жүлде Қазақстан құрамасының сол Олимпиададағы жалғыз алтыны болды.
Шайдоровтың жеңісі Қазақстан үшін тарихи нәтиже саналады. Ол — мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы алғашқы Олимпиада алтыны және Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші жоғары дәрежелі жүлдесі.