
Александр Шевченко Czech Open турнирінің 1/16 финалында жергілікті теннисшіні жарыс жолынан шығарды.
Турнирде алтыншы нөмірлі боп тіркелген Шевченко чехиялық теннисші Петрс Брунцликті екі сетте жеңіп, келесі кезеңге өтті. Матч есебі: 7:6, 6:2. Бұл екі теннисшінің арасындағы алғашқы кездесу болды, әрі нәтижесі чех жанкүйерлерін қатты қынжылтты.
Отандасымызды 1/8 финалда тағы бір күрделі қарсылас күтіп тұр. Ол Испания өкілі Алехандро Моро Каньяс. Бұл ойын Шевченко үшін маңызды сынақ болғалы тұр.
Айта кету керек, бұл турнир Александр Шевченко үшін "Ролан Гаррос" турниріндегі сәтсіздіктен кейінгі алғашқы ірі бәсеке. Франциядағы Grand Slam додасында ол "лаки-лузер" ретінде негізгі сеткаға енгенімен екінші раундта бес сетке созылған тартысты матчта америкалық Итан Куиннге жол берген.