
Швейцариялық теннис аңызы Роджер Федерер ресми түрде спорт тарихындағы ең бай спортшылардың қатарына енді. Forbes мәліметінше, оның жалпы байлығы 1,1 миллиард долларды (шамамен 940 млн еуро) құрайды.
Федерердің негізгі табыс көзі — теннистегі жүлде ақшалары емес. Әрине, ол кортта 131 миллион доллардан астам сыйақы ұтқанымен, басты кірісі бизнес пен демеушілік келісімдерден келеді.
Өз карьерасы ішінде ол жарнамалық келісімшарттар арқылы 1 млрд доллардан астам табыс тапты. Бұл көрсеткіш бойынша ол басты қарсыластары Новак Джокович пен Рафаэль Надальдан озып тұр.
Федерердің үлкен үлесі бар басты активтердің бірі — швейцариялық On бренді. Қазір оның акцияларының құны 375 млн доллардан жоғары, ал компания капитализациясы 15 млрд доллардан асты.
Сонымен қатар, ол агентімен бірге Team8 компаниясын және беделді Laver Cup турнирін құрды. Сондай-ақ, Чилидің өсімдік негізіндегі өнімдер жасайтын NotCo стартапына инвестиция салды.
Федерер әлі күнге дейін жарнама әлемінде «алтын есім» болып саналады. Онымен Rolex, Mercedes-Benz, Lindt, Moët & Chandon, UBS сынды ірі брендтер жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде де оның беделі жоғары: 43,5 миллион жазылушысы бар, спортшылар арасында ең жоғары аудиториялық белсенділік деңгейіне ие.
Роджер Федерер — теннис тарихындағы ең ұлы спортшылардың бірі:
Федерер тенниспен 8 жасында шұғылдана бастады. 16 жасында Уимблдон жасөспірімдер турнирінде дара және жұптық сында чемпион атанды. 18 жасында ATP турнирлерінде алғашқы қадамдарын жасап, 2001 жылы Миланда алғашқы титулына қол жеткізді. Ал 2003 жылы Уимблдондағы тарихи жеңісі оның шынайы жұлдызға айналған сәті болды.