
АҚШ-тағы соңғы «Grand Slam» жарысы — US Open тағы да ерекше жағдаймен есте қалады. Турнирге қатысып жатқан норвегиялық теннисші Каспер Рууд матч кезінде корттарды қаптаған марихуана иісіне наразылығын білдірді.
2021 жылы Нью-Йорк штатында марихуананы рекреациялық мақсатта қолдануға рұқсат берілген. Сол себепті көрермендер турнир кезінде темекі шегуге болатын кез келген жерде марихуана тұтынуға құқылы. Бұл жағдай Флашинг-Медоуз аренасында да қалыптыға айналып отыр.
«Бұл иіс барлық жерде бар, тіпті корттардың өзінде де сезіледі. Бұл менің ұнататын иісім емес, бірақ біз соған бейімделуге мәжбүрміз. Турнирдегі ең үлкен қиындық дәл осы», — деді Рууд.
US Open корттарындағы иіс туралы алғаш рет екі жыл бұрын неміс теннисшісі:
«17-ші кортта Snoop Dogg қонақ бөлмесіндегідей иіс шығады», — деп әзіл-шыны аралас пікір білдірген болатын Александр Зверев.
Ал 2021 жылы грек спортшысы Мария Саккари мен швейцариялық теннисші Ребека Масарова да осы ерекшелікті атап өткен еді, бірақ олардың айтуынша, бұл ойындарына әсер етпеген.
Алайда Каспер Рууд мәселені әлдеқайда байыппен көтерді. Ол «тынығып, күш жинап жатқан кезде бірнеше метр қашықтықта біреу марихуана шегіп тұрса, бұл өте қолайсыз» екенін айтты.
«Заң өзгермейінше біз ештеңе істей алмаймыз. Ал оның өзгеретініне күмәнім бар», — деді норвегиялық теннисші.