Заңғар Нұрланұлы "Ролан Гарростың" 1/8 финалына шықты

Футбол шолушысы

Қазақстандық жас теннисші Франция ашық чемпионатының жасөспірімдер арасындағы додасында сәтті өнерін жалғастырып жатыр.

Заңғар Нұрланұлы "Ролан Гарростың" 1/8 финалына шықты
olympic.kz

Қарсыласын екі сетте жеңді

Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы "Ролан Гаррос" турнирінің екінші айналымында америкалық Агасси Рашермен кездесті. Бұл матчта қазақстандық теннисші айқын басымдық танытып, екі сет қорытындысы бойынша 6:2, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 4 минутқа созылды.

Заңғар қазір жасөспірімдер арасындағы ITF рейтингінде 8-орында тұр. Ал оның қарсыласы Агасси Рашер әлемдік жасөспірімдер рейтингінде 94-сатыда орналасқан.

Рейтингтегі айырмашылық корттағы ойыннан да анық байқалды. Қазақстандық теннисші матч барысында сенімді қимылдап, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ.

Келесі қарсыласы кім болуы мүмкін?

Осы жеңістен кейін Заңғар Нұрланұлы беделді Grand Slam санатындағы турнирдің 1/8 финалына жолдама алды.

Енді қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін Пуэрто-Рико өкілі Янник Альварес пен бразилиялық Леонардо Шторк Франка арасындағы кездесу жеңімпазымен ойнайды.

Янник Альварес жасөспірімдер арасындағы ITF рейтингінде 12-орында, ал Леонардо Шторк Франка 56-сатыда тұр.

Бірінші айналымдағы нәтижесі

Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы турнирдің алғашқы айналымында британиялық Марк Себанды жеңді. Ол матч 6:3, 6:4 есебімен аяқталды. Марк Себан ITF Juniors рейтингінде 36-орында орналасқан.

Жасөспірімдер арасындағы биылғы "Ролан Гарростың" негізгі фавориті ретінде бразилиялық Луис Аугусто Кейрос Мигел аталып жүр. Ол теннис әлемінде "Гуто" деген лақап атымен танымал.