ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ

Елена Рыбакина Стефано Вуковтың жетекшілігімен US Open алдындағы жаттығуын өткізді

Қазақстанның бірінші ракеткасы АҚШ ашық чемпионатындағы алғашқы кездесуіне дайындалып жатыр.

Елена Рыбакина Стефано Вуковтың жетекшілігімен US Open алдындағы жаттығуын өткізді
Instagram/@lenarybakina

Вуков қайта оралды

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Елена Рыбакина Флашинг-Медоус корттарында кезекті жаттығуын өткізді. Дайындық барысын оның бұрыннан бірге жұмыс істеп келе жатқан бапкері Стефано Вуков жеке бақылаған.

Айта кетейік, хорватиялық маман биыл мамыр айының ортасында өткен "Ролан Гаррос" турнирі кезінде қазақстандық теннисшінің командасынан уақытша кеткен еді. Сол тұста Вуковтың денсаулығына қатысты мәселе туындағаны және бапкер мен теннисшінің арасында келіспеушілік болғаны жөнінде түрлі ақпарат тарады.

Бірақ арада екі ай өткен соң маман Цинциннатиде ұйымдастырылған WTA 1000 турнирінде Рыбакинаның команда мүшелеріне арналған ложадан қайта көрінді. Енді ол Қазақстан өкілінің толыққанды жаттығуына басшылық етіп отыр.

Рыбакинаның алғашқы қарсыласы кім?

Елена Рыбакина US Open турниріндегі алғашқы матчын бүгін өткізеді. Бірінші айналымда америкалық Теа Фродинмен кездеседі. Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады.

Бұған дейін Рыбакина жарақатынан кейінгі денсаулық жағдайы туралы айтып, қозғалған кезде ауырсыну сезінетінін мәлімдеген.

АҚШ ашық чемпионатының негізгі кезеңі 30 тамызда басталды. "Үлкен дулыға" санатындағы жарыс 13 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры — 48 миллион 980 мың доллар. Бұл шамамен 22,4 миллиард теңгеге тең.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір қалдыру уақытша жабық.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.