
Қазақстандық ММА файтері Шавкат Рахмонов пен бұрынғы UFC чемпионы Белал Мухаммад арасындағы жекпе-жек өтеді деген ақпарат ресми түрде расталмады. Бұл туралы спортшының менеджері Дэниэл Рубенштейн мәлімдеді.
UFC-дің танымал комментаторы және инсайдер Джон Аник UFC 321 турнирінде қазан айында Шавкат Рахмонов пен Белал Мухаммад кездесуі мүмкін деген ақпарат жариялаған еді. Бірақ "Nomad"-тың мүддесін қорғайтын Ruby Sports & Entertainment компаниясының басшысы Дэниэл Рубенштейн бұл мәліметке қысқа ғана жауап берді:
"Лол, жоқ, бұл шындыққа жанаспайды", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Шавкат пен Белал Мухаммад арасындағы жекпе-жек бұрын екі рет ұйымдастырылып, бірақ түрлі себептермен өтпей қалған. Алғашқы жолы Мухаммад жарақат алып, операцияға түскен. Оның орнына октагонға Иэн Гэрри шықты.
Екінші ұйымдастырылған кездесуде бұл жолы Шавкат Рахмонов жарақат алып, оның орнына австралиялық Джек Делла Маддалена шықты. Ол Белал Мухаммадтан чемпиондық белбеуді тартып алды.
Қазір Джек Делла Маддалена мен Ислам Махачевтің жекпе-жегі күтілуде. Махачев жеңіл салмақтағы белдігін уақытша тоқтатып, жартылай орта салмаққа көтерілу арқылы UFC-дің қос салмақтағы чемпионы атануға тырысады.