
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұржан Сманов 2025 жылғы жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында табысты өнер көрсеткен ұлттық құраманың бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев жайында пікір білдірді.
"Бақыт Сәрсекбаевты сырттай білемін. Өзбекстаннан келген, көп адаммен араласа бермейді. Орысша сөйлейді, қазақ та емес, өзбек те емес. Бірақ кеше берген сұхбатында қазақша сөйлегенін көріп, қуандым. Қазір өзі бапкер болып, бұл істің оңай емес екенін түсініп жатқан болар. Азия чемпионатындағы жетістігімен құттықтаймын. Бірақ ол жақта расында да мықты қарсыластар болған жоқ. Өзбек боксшылары қатыспады. Олар болса, нағыз бәсеке болар еді", — деді Сманов "Күнгей.кз" YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Бақыт Сәрсекбаев баптаған Қазақстан құрамасы ерекше нәтижеге қол жеткізді. Боксшыларымыз 22 алтын медаль жеңіп алып, құрлықтағы басты жарыста нағыз триумф жасады.