
Бокстан Thailand Open халықаралық турнирінде ширек финалдық жекпе-жектер басталды. Кешкі сессия Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының тартысты айқасымен ашылды.
75 кг салмақта қазақстандық Тимур Нұрсейітов өзбекстандық Джавохир Абдурахимовпен қолғап түйістірді. Бірінші раундта Тимур қарсыласын қарсы шабуылмен тежеп отырды, ал Абдурахимов белсенді шабуылдармен көзге түсті. Нәтижесінде төрешілер 4:1 есебімен өзбек боксшысына басымдық берді.
Екінші үш минуттықта Нұрсейітов шабуылға шығып, "оң жақ джеб – сол жақ боковой" секілді сәтті комбинациялармен қарсыласын жиі қыспаққа алды. Алайда төрешілер өз таңдауларынан таймай, тағы да Абдурахимовқа ұпай берді.
Соңғы раундта Тимур тек нокаутпен ғана жеңіске жетуі мүмкін еді, бірақ бұл мақсат орындалмады. Жекпе-жек соңында төрешілер Абдурахимовты 4:1 есебімен жеңімпаз деп танып, оған кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.