
Америкалық жұлдыз Теренс Кроуфорд пен мексикалық аңыз Сауль «Канело» Альварес арасындағы тарихи жекпе-жек 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді.
Америкалық чемпион Теренс Кроуфорд мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен өтетін тарихи жекпе-жекте 10 миллион доллар гонорар алады.
2025 жылдың 13 қыркүйегінде, әлемдегі бокс астаналарының бірі Лас-Вегас қаласында (АҚШ) Теренс Кроуфорд пен Сауль Альварес қолғап түйістіреді. Бұл – салмақ категориялары әртүрлі қос алыптың көптен күткен кездесуі.
Кроуфорд бұл жекпе-жек үшін 10 миллион доллар (шамамен 5 миллиард теңге) сыйақы алатынын мәлімдеді:
«Мен 10 миллион доллар табамын. Бұл өтірік деп ойлайсыз ба? Маған бұл жекпе-жек ақша емес, мұра тұрғысынан маңызды. Үш салмақта абсолют чемпион атану – басты мақсатым», – деді ол Sportskeeda порталына берген сұхбатында.
Сауль Альварес 2025 жылдың 3 мамырында Сауд Арабиясында өткен бокс кешінде IBF чемпионы Уильям Скуллды жеңіп, суперорта салмақтағы абсолютті чемпион титулын қайта иеленді. Бұл оның екінші рет абсолют чемпион атануы болды.
Сауд Арабиясының ойын-сауық істері жөніндегі басқарма басшысы Турки әл аш-Шейх Альвареспен 4 жекпе-жекке келісімшарт жасағанын хабарлады.
Кроуфордтың соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың 3 тамызында Лос-Анджелесте өтті. Ол Исраил Мадримовты ұтып, WBA және WBO уақытша белбеулерін жеңіп алды.