
Қазақстандық былғары қолғап шебері Ертуған Зейноллинов Eindhoven Box Cup халықаралық турниріндегі алғашқы жекпе-жегін сенімді жеңіспен бастады. Бұл әлемнің үздік боксшыларын жинаған беделді дода саналады.
65 келі салмақ дәрежесінде өткен 1/8 финалдық кездесуде Зейноллинов Швеция боксшысы Хилаль Салехпен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған жекпе-жек барлық төрешінің бірауыздан шығарған шешімімен — 5:0 есебімен қазақстандықтың пайдасына аяқталды.
Осылайша Ертуған Зейноллинов турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Айта кетейік, алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасынан тағы екі спортшы, яғни Абылайхан Жүсіпов (70 кг) пен Сабыржан Ақхалықов (75 кг) өз жекпе-жектерінде жеңіске жетті. Ал Ерхан Тұрдан (60 кг) бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.