Алматы облысының намысын қорғап жүрген 65 келі салмақтағы Ертуған Зейноллинов Нидерландтағы EBC халықаралық турнирінде екінші рет жеңіске жетті.
Алайда жекпе-жек өз бағытымен аяқталған жоқ. Екінші раундтың ортасында Қазақстан чемпионы Зейноллинов маңдайынан жарақат алып, көз үсті жырылып кетті. Осы жағдайдан кейін рингтегі төреші жекпе-жекті тоқтатып, медициналық шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Бәсекенің ережесіне сәйкес төреші жарақатқа дейінгі ұпай санын есепке алып, кімнің басым болғанын анықтады. Сол сәтте Ертуған даниялық қарсыласынан ұпай бойынша алда келе жатқан. Осыған байланысты төреші қазақстандық спортшының қолын көтеріп, оны жеңімпаз деп таныды.
Бұл жеңістің арқасында Ертуған Зейноллинов беделді EBC турнирінің жартылай финалына жолдама алды.