Қазақстан құрамасының үздік боксшыларының бірі, әлем чемпионы Махмұт Сабырхан Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан Eindhoven Box Cup халықаралық турнирінде алғашқы жекпе-жегінде-ақ жарыс жолынан шығып қалды.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалда Сабырхан украиналық Максим Зименкомен жұдырықтасты. Көпшілік қазақстандық боксшының жеңісіне сенімді болғаны. Бірақ кездесудің қорытындысы күтпеген жағдаймен аяқталды. Төрешілердің шешімі бойынша жеңіс украиналық спортшыға берілді.
Бұл нәтиженің арқасында Максим Зименко жартылай финалға өтіп, кем дегенде қола медальді иеленуге мүмкіндік алды. Ал Махмұт Сабырхан үшін Eindhoven Box Cup турнирі осымен аяқталды. Ол жүлдесіз қалды.
Айта кетейік, Махмұт Сабырхан – 2023 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Сонымен қатар 2024 жылғы Азия чемпионы және 2022 жылғы Азия біріншілігінің күміс иегері.