
Астанадағы World Boxing әлем кубогында қазақстандық боксшы Ертуған Зейноллинов алғашқы жекпе-жегінде қарсыласын тізе бүктіріп, жарқын жеңіске жетті.
1/8 финал сатысында Ертуған Түркия өкілі Ахмет Пекелмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек қазақстандық боксшының толық бақылауында өтті.
Екінші және үшінші раундтарда Пекел екі рет нокдаунға түсті. Қорытындысында төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті Зейнуллиновқа берді.
Бұл жеңіс Ертуғанға турнирдің ширек финалына жол ашты. Енді ол медаль үшін таласты жалғастырады. Ал түрік боксшысы Астанадағы жарысты ерте аяқтады.
Айта кету керек, Ертуған Зейноллинов – Азия чемпионатының қола жүлдегері, студенттер арасындағы әлем чемпионы және Қазақстан чемпионы. Оның спорттық жолы тек рингпен шектелмейді.Бұған дейін берген сұхбаттарының бірінде Ертуған кәсіби мансабымен қатар, күнделікті тұрмыста курьер болып жұмыс істегенін айтқан еді.
"Қандай қиындық болса да, бокстан бас тартқан емеспін. Курьерлік жұмыс жасап жүріп, жаттығуды да үзбедім. Сол еңбектің жемісі – бүгінгі жеңістер".