
Астанадағы бокстан әлем кубогында Қазақстан ұлттық құрамасының өнері көпшіліктің назарында болды. Осы орайда ел құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков жарыс нәтижесіне қатысты пікір білдіріп, Оралбай бауырлардың көрсеткен деңгейін саралады.
Тәжірибелі бапкердің айтуынша, 2024 жылғы Олимпиаданың жүлдегері Нұрбек Оралбай бұл турнирде физикалық тұрғыда шаршаңқы көрінген.
"Нұрбек шаршаған. Қарапайым тілмен айтсақ — бұл шамадан тыс жүктеменің салдары. Оның көзқарасынан-ақ әлсірегенін байқауға болады. Соңғы кезде бірнеше жарысты өткізіп алғаны да әсерін тигізген шығар. Дегенмен меніңше, ол әлі өз бабына келеді", — деді Буданбеков.
Сондай-ақ Дамир мырза капитан Айбек Оралбайдың өнеріне де тоқталып өтті:
"Айбекке аса ауыр салмақта сенімді өнер көрсету үшін әлі де тәжірибе жинау керек. Ол бұл салмаққа енді ғана бейімделіп жатыр. Физикалық тұрғыда салмақ қосқаны байқалады. Алда үш жыл бар — Олимпиадаға дейін бәрі қалыптасады", — деп сендірді маман.
Еске сала кетейік, Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта әлем кубогында алтын медаль жеңіп алды. Ал оның інісі Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта финалда күтпеген жерден француз Иожерлин Сезардан жеңіліп, күміспен шектелді.