
Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру жөніндегі комиссиясының директоры қызметіне тағайындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай қоғамдық негізде тағы бір жауапты қызметке тағайындалды. Енді ол Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру жөніндегі комиссиясының директоры қызметін атқарады. Бұл туралы ол өзі Facebook парақшасында жазды.
Жаңа қызметі туралы жария еткен Руслан Желдібай дзюдо саласында шешімін таппаған маңызды мәселелер бар екенін де ашық айтты.
“Дзюдоны елімізде дамыту бағытында біраз жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, шешілмеген мәселелер де аз емес. Әсіресе, арнайы академия мен өңірлік орталықтар ашу қажеттілігі туындап отыр. Халықаралық ынтымақтастықты да күшейтеміз. Осы іске барынша үлес қосуға тырысамын”, – деді Желдібай.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан дзюдо федерациясының президенті — Қуанышбек Есекеев. Ол сонымен қатар Қазақстан Президентінің кеңесшісі лауазымын да қоса атқарады.
Қазақстан дзюдосы соңғы жылдары Азия және әлем аренасында қарқынды дамып келеді.