
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дияр Нұрғожай қатысатын UFC Fight Night 257 турниріне арналған билеттер бір минутқа да жетпей түгел сатылып кеткені белгілі болды.
UFC кеші 23 тамыз күні Қытайдың Шанхай қаласындағы әйгілі Mercedes-Benz Arena кешенінде ұйымдастырылады. Ұйым басшысы Дана Уайт билет сатылымы туралы былай деді:
"Біз бұл турнирдің билеттерін сатылымға шығарған сәтте-ақ, санаулы секундтар ішінде толықтай өтіп кетті. Тіпті бір минут та болған жоқ."
Бұл мәлімдеме UFC on ESPN 70 турнирінен кейін өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Кештің басты жекпе-жегінде бразилиялық Джонни Уокер мен қытайлық Чжан Миньян октагонда жолығады.
Ал Қазақстан атынан өнер көрсететін Дияр Нұрғожай мен қырғызстандық Уран Сатыбалдиев кездесуі прелим кард аясында өтеді. Бұл жекпе-жек қазақ жанкүйерлерінің ерекше назарын аударып отыр.