
Бішкектегі жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық еркін және әйелдер күресі балуандары табысты өнер көрсетті.
Еркін күрестен жалғыз алтын медальды Едіге Қасымбек еншіледі. Ол 125 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын тізе бүктіріп, чемпион атанды. 57 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрданат Айтанов пен 97 келідегі Камиль Куруглиев финалға дейін жетіп, күміс медальмен шектелді. Бұл — олардың халықаралық аренадағы ірі жетістіктерінің бірі.
Қола жүлделер де ел қоржынына молынан түсті. Досжан Күл-Ғаип (74 кг) пен Алан Оралбек (61 кг) еркін күресте үшінші орын алды. Сонымен бірге әйелдер күресінде де екі балуанымыз жүлдеге ілікті. Анна Стратан (57 кг) мен Мейрамгүл Мақсот (72 кг) үздіктер қатарынан көрінді.
Еске сала кетейік, бұған дейін грек-рим күресінен қазақстандық спортшылар 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған болатын. Бұл Қазақстан күрес мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.