
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай Түркиялық құрбысымен бірге Қайыңды мен Көлсайға сапар шегіп, қазақтың ұлттық дәстүрін паш еткен ерекше видеосын жариялады.
Қазақстандық танымал спортшы Назым Қызайбай демалыс күндерін Түркиядан келген құрбысы Бусеназпен бірге табиғаты көркем Қайыңды мен Көлсайда өткізді. Бұрымды боксшымыз Instagram парақшасында саяхат барысынан әсерлі видеомен қоса, жүрекжарды жазбасын бөлісті.
"Күні кеше жолға шықтық, Қайыңды мен Көлсайға бардық. Бізбен бірге Тұрарбек атамыз, Ілдірім атамыз да алдымызда жүріп отырды. Жол бойында оның інісі бізге арнайы дастархан жайып қарсы алды. Бусеназ алғаш рет қазақтың қонақ күту салтын көрді", – деп жазды Назым.
Оның айтуынша, дастархан басында дәстүрлі түрде қой еті мен қойдың басы ұсынылған. Бұл көрініс Бусеназ үшін тосын әрі ерекше жағдай болған.
Саяхат барысында олар тағы бірнеше ауылға қонаққа соғып, бірнеше рет ұлттық тағамдармен қарсы алынды. Соңында табиғаты ерекше Қайыңды көлінің жанында серуендеп, суретке түсіп, таза ауамен тыныстаған. Кешкісін бұлақ жанында арнайы шақырылған аспаздардың дайындаған кәуәптарын жеген.
"Таза суда балықтар жүзіп жүрген, жанымыз жай тапты", – дейді Назым.