
Әлем және Олимпиада ойындарының жүлдегері, қазақ жанкүйерлерінің мақтанышы Сәкен Бибосынов кәсіпқой боксқа сәтті қадам басты. Ол Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен бокс кешінде филиппиндік Кристиан Леганені ауыр нокаутпен жеңіп, жанкүйерлер мен промоутерлердің көңілінен шықты.
Бұл жекпе-жек тек Бибосыновтың емес, оның жаттықтырушыларының да еңбегін дәлелдеген кездесу болды. Қазақ боксының ардагер маманы Мырзағали Айтжанов шәкіртіне жоғары баға беріп, оның дайындығы мен жеңісінің артында үлкен еңбек жатқанын жеткізді.
“Бішкектегі кеш жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға сын жоқ. Сәкен бұл жекпе-жекке барынша тыңғылықты дайындалды. Қарсыласы филиппиндік боксшы осал емес. Олар әуесқойда да, кәсіпқойда да мықты. Бірақ Сәкен өз деңгейін көрсетті. Жанкүйерлер де, промоутерлер де риза”, – деді бапкер.
Айтжановтың айтуынша, Бибосыновтың алғашқы кәсіби жекпе-жегі — оның болашағына жол ашқан маңызды қадам. Промоутерлер де Сәкенмен әрі қарай жұмыс істеуге ниетті екендерін білдірген.
“Сәкеннің туған ағасы оның бапкерлік штабына қосылды. Сонымен қатар Қанат Алтаевтың да үлесі зор. Ол — ауыр салмақта аты шыққан, кейін жас боксшыларға көмектескен азамат. Бұл жолы да көмегін аяған жоқ”, – дейді Айтжанов.
Бапкер өз сөзінде өзбек боксшылары қолданатын тәжірибеге назар аударды — олар бір мезетте әрі әуесқой, әрі кәсіпқой боксты қатар алып жүреді. Бұл әдіс қазақ боксында да қолданысқа енбек.
“Біз де осы бағытты қарастырып көрмекпіз. Бұл – боксшының шеберлігін арттыруға зор мүмкіндік”, – дейді Айтжанов.