
Кәсіпқой аралас жекпе-жек өкілі, жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер Абай Жалал өзінің алғашқы жеңілісіне ұшырады. Бұл жекпе-жек UAE Warriors 61 турнирі аясында Абу-Даби қаласында (БАӘ) өтті.
Бұл – Жалалдың UAE Warriors лигасындағы алғашқы жекпе-жегі болды. Оған Оңтүстік Африка Республикасынан келген тәжірибелі файтер Демарте Пена (15-3) қарсылас болды.
Үш раундқа созылған шайқас төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен Демарте Пенаның пайдасына аяқталды. Осылайша Пена өзінің 16-жеңісіне жетсе, Абай Жалал үшін бұл алғашқы кәсіби жеңіліс болды.
"Жекпе-жек өте тактикалық сипатта өтті. Пена тәжірибесін көрсетіп, темпті өз қолына алды", – делінген промоушн шолуында.
Айта кету керек, Демарте Пена бұған дейін ARES Fighting Championship және Extreme Fighting Championship ұйымдарының ресми чемпионы болған. Ол – Африка құрлығындағы ең беделді жекпе-жек шеберлерінің бірі.