
Бокстан лем чемпионы Алуа Балқыбекова Назым Қызайбайға қарсы спаррингке шығуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл кездесудің басты мақсаты – Олимпиада-2028 ойындарына жолдама алу.
Бұл туралы ол YouTube-тағы "Sport+" арнасына берген сұхбатында айтты.
— Бір салмақ дәрежесіне талас болса, Назым Қызайбаймен қайтадан спарринг өткізуге дайынсыз ба?
— Иә. Екеуіміздің де мақсатымыз бір, жасымыз да келіп қалды. Ол да берілмейді, мен де берілмеймін", — деді Алуа Балқыбекова.
— Сіздің бапкеріңіз кезек енді сізде дейді
— "Негізінде солай. Бірақ бапкеріміз әрқайсымыздың арманы бар екенін түсінеді, оған кедергі болмайды. Барлығын спарринг шешеді – өткен Олимпиададағыдай", — деп түсіндірді чемпион.
Олимпиадалық бокстың World Boxing ұйымына өтуімен салмақ категорияларына өзгерістер енгізілді. Енді Назым Қызайбай (48 кг) мен Алуа Балқыбекова (51 кг) 50 кг салмақ дәрежесінде Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысу үшін бақ сынамақ.
Назым Қызайбай – Париждегі Олимпиада-2024 ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы.
Алуа Балқыбекова – әлем чемпионы, екі мәрте Азия чемпионы.