
Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, суперауыр салмақта (90 келіден жоғары) өнер көрсететін Айбек Оралбай командасының дайындық барысы туралы пікір білдірді. Ол бұл жолғы дода – ересектер арасындағы World Boxing ұйымы өткізетін алғашқы әлем чемпионаты екенін атап өтті.
Турнир 4–14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. Ал оған дейін құрама Шеффилдте соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізді.
«Біз Шеффилдке дайындық пен спаррингтер үшін келдік. Осыдан кейін Ливерпульге жол тартамыз. Біздің құрама жақсы дайындалды. Тарихта алғаш рет өтетін әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғауға бар күшімізді саламыз. Қазақстанның әлеуетін көрсету – басты мақсатымыз.
Команда әрбір ұсақ-түйекке дейін пысықтады: тактика, техника, серіктестермен жұмыс. Қазір дайындық деңгейімізді 99% деп айта аламын, бірақ толық 100% деу әлі ерте. Сондықтан бізге босаңсуға болмайды. Әлем чемпионаты – үлкен сын, мұнда әр спортшы мықты және әрқайсысы чемпион болуға лайық», — деді Оралбай World Boxing баспасөз қызметіне берген сұхбатында.