
Әлем чемпионаты қарсаңында Ливерпульде Қазақстан құрамасының боксшыларына Геннадий Головкин арнайы келіп, қолдау білдірді.
Ливерпульде өтіп жатқан World Boxing ұйымының тұңғыш әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының боксшыларына ерекше қонақ келді. Экс-чемпион, қазір ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкин ұлттық құрама жігіттерімен кездесіп, оларға мотивациялық сөз айтты.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі жариялаған бейнероликте GGG мен оның ағасы Максим Головкиннің спортшылармен және жаттықтырушылар штабымен жүздескен сәті көрсетілді.
«Сіздер үлкен тарихтың бір бөлігі болып отырсыздар. Қазақстан боксы әрқашан әлемдік аренада мықтылығын дәлелдеп келеді. Бұл чемпионатта да сіздерге сенім артамыз. Ең бастысы — батылдық, бірлік және соңына дейін күресу», – деді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Геннадий Головкин тек Қазақстан ҰОК президенті ғана емес, сонымен қатар World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы. Бұл ұйым 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында бокс турнирін тікелей қадағалайды.
Головкиннің құрамаға келіп, қолдау көрсетуі – боксшылар үшін үлкен мотивация. Оның сөздері мен тәжірибесі жас спортшыларға сенім береді әрі Қазақстан боксының әлемдік деңгейдегі беделін тағы бір мәрте айқындайды.