
Ливерпульде өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Аида Әбікеева тарихи жеңіспен 1/8 финалға жолдама алды.
Қазақстан құрамасының мүшесі Аида Әбікеева World Boxing ұйымы өткізген ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионатында рингке шықты.
Алғашқы жекпе-жекте оның қарсыласы Венгрия спортшысы Луца Хамори болды. Бірінші раундта төрешілердің бірауыздан шешімімен (5:0) жеңісті Хамори иеленді.
Алайда екінші үш минуттық кезеңде Аида қарқынын күшейтіп, есепті теңестірді — 5:0. Шешуші үшінші раундта да Әбікеева басымдық танытып, сенімді түрде жеңісін түйіндеді. Осылайша қазақстандық боксшы 65 келіге дейінгі салмақтағы жарыстың 1/8 финалына жолдама алды. Венгриялық қарсыласы турнирді алғашқы кезеңде аяқтады.
Айта кетейік, көктемде Аида Әбікеева Сербияның Ниш қаласында өткен IBA әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған болатын. Бұл жеңіс оның тәжірибесі мен мықты дайындық деңгейін айқындап отыр.
World Boxing ұйымының алғашқы әлемдік біріншілігі 4–14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтуде. Турнирге әлемнің 60-тан астам елінен мықты боксшылар қатысуда.