
Айбек Оралбай мен Жахонгир Зокировтың шешуші айқасы Индия елінде өтетін болды.
2025 жылғы олимпиадалық бокс маусымы мәресіне жетіп келеді. Жылдың соңғы әрі басты додасы – World Boxing Кубогының финалы қараша айында Үндістан астанасы Нью-Делиде өтпек.
17–22 қараша аралығында ұйымдастырылатын турнирде Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай мен Өзбекстан боксшыларының көшбасшысы Жахонгир Зокиров қайта кездеседі. Бұл жекпе-жек маусымның басты текетіресі саналады.
Ұйымның ресми мәлімдемесінде:
«2025 жылғы бокс маусымының аса ауыр салмақтағы басты кейіпкерлері – Айбек Оралбай мен Жахонгир Зокиров болды. Қазақ боксшысы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында және Астанадағы Кубокта жеңіске жетсе, өзбек спортшысы Бразилия мен Польшадағы турнирлерде топ жарды. Маусым бойы барлық алтынды өзара бөліскен қос мықты соңғы рет Нью-Делиде күш сынасып, жылдың үздік боксшысын анықтайды. Бұл айқаста қай елдің туы көтеріледі – Қазақстан ба, әлде Өзбекстан ба?» – деп жазылған.
Айта кету керек, Ливерпульде өткен әлем чемпионатының финалында Айбек Оралбай 90 келіден жоғары аса ауыр салмақта Жахонгир Зокировты айқын басымдықпен жеңген болатын. Сол алтын медаль Қазақстан құрамасына жалпыкомандалық есепте Өзбекстанды басып озып, турнирдің көшін бастауға мүмкіндік берді.
World Boxing бұл жекпе-жекті «Оралбайдың Зокировпен тарихи реваншы» деп атап отыр.