
Қазақстандық чемпион жуырда Халықаралық бокстың даңқ залына (IBHOF) ресми номинацияланды. Дауыс беру келесі жылы өтеді.
Қарағанды тумасы, Қазақстан мақтанышы Геннадий «GGG» Головкин Халықаралық бокстың даңқ залына (IBHOF) ресми түрде үміткер атанды. 2026 жылы өтетін дауыс беруде аты аңызға айналған қазақстандықтың есімі «мәңгілік» тізімге енуі мүмкін.
Boxing Scene мәліметінше, Геннадий Головкин «Ерлер, заманауи дәуір» санатында ұсынылған. Бұл номинацияға бокстағы соңғы онжылдықтың ең жарқын жұлдыздары ғана ене алады.
Оның қасында тағы екі боксшы бар: америкалық Вернон Форрест (41-3, 29 КО) және ирландиялық Стив Коллинз (36-3, 21 КО). Ал әйелдер арасында жапон Наоко Фудзика, мексикалық Джеки Нава және неміс Кристина Хаммер бақ сынайды.
IBHOF атқарушы директоры Эдвард Брофи:
«Жыл сайынғы бюллетень жіберу – бокс үшін ерекше сәт. Әлем бокс қауымдастығы бұл нәтижелерді асыға күтеді, себебі дәл осы дауыс беру кімнің тарихқа енетінін анықтайды», – деді.
Бюллетеньдер 1 қазанда жіберілген. Дауыс беруге Американың Бокс журналистері қауымдастығы мен Жапония, Англия, Аргентина, Канада, Мексика, Германия секілді елдердің беделді тарихшылары қатысады. Қорытындысы 2025 жылдың желтоқсан айының басында жарияланбақ.
Головкиннің соңғы жекпе-жегі 2022 жылдың қыркүйегінде өтті. Ол өзінің басты қарсыласы Сауль «Канело» Альвареспен үшінші мәрте кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалған болатын.
GGG қазір спорттан толық кеткен жоқ: ол World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясын басқарады және Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарады. Дегенмен ресми түрде мансабын аяқтағаны туралы мәлімдеме жасамады.