
Семейдегі 2025 жылғы бокстан Қазақстан чемпионатының алғашқы күні жанкүйерлерге нағыз шоу сыйлады. Күні бойы екі рингте 46 жекпе-жек өтіп, тартысты сәттер мен күтпеген нәтижелер көп болды.
Даниял Сабит (Батыс Қазақстан облысы) өз шеберлігін тағы бір дәлелдеді. 50 кг салмақ дәрежесінде астаналық Ринат Мақсұтовты айқын басымдықпен (5:0) ұтып, келесі кезеңге өтті. Екі дүркін ел чемпионының рингтегі сенімді әрекеті көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
2021 жылғы әлем чемпионы, сегіз мәрте Қазақстан чемпионы Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы) те қарсыласына мүмкіндік бермеді. Ол шымкенттік Біржан Нұрымбетті 5:0 есебімен жеңіп, тәжірибесінің мықтылығын көрсетті.
Ақтөбе облысының намысын қорғаған Бекзат Алдамжаров (50 кг) қарағандылық Нұрасыл Тәжібекті техникалық нокаутпен жеңіп, турнирдің ең әсерлі жекпе-жектерінің бірін сыйлады.
2021 жылғы Азия чемпионы, қарағандылық Милана Сафронова 65 кг салмақ дәрежесінде астаналық Ақбота Есімбекованы сенімді түрде (5:0) ұтып, турнирді жеңіспен бастады.
Бірақ басты сенсация дәл осы салмақта тіркелді. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Астана өкілі Дариға Шәкімова жамбылдық Назерке Серікке 0:5 есебімен есе жіберіп, алғашқы күнде-ақ жарыс жолынан шығып қалды.
Қазақстан чемпионаты 21 қазанға дейін жалғасады. Алдағы күндері елдің үздік боксшылары финалға жолдама алу үшін айқасқа түседі.