
UFC-дің орта салмақтағы чемпионы Хамзат Чимаев жартылай ауыр салмақта екінші белбеуді жеңіп алғысы келетінін айтты. Ол қазіргі чемпион Алекс Перейраны «ыңғайлы қарсылас» деп атап, октагонда тағы кіммен жекпе-жек өткізуге дайын екенін жеткізді.
31 жастағы Хамзат Чимаев, қазіргі UFC орта салмағының иегері, ACA вице-президенті Асланбек Бадаевтің YouTube-арнасына берген сұхбатында болашақ жоспарларымен бөлісті. Жекпе-жекші жаңа титул үшін ауыр салмаққа көтерілу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
«Әрине, мен екінші белбеу үшін жұдырықтасқым келеді. Жартылай ауыр салмақ чемпионы Алекс Перейра — маған өте ыңғайлы қарсылас, егер онымен тік тұрып ұрыспасам. Барлығы оның өте күшті екенін айтады, бірақ мен де ешкімнен әлсіз емеспін. Ол да бұрын орта салмақта жұдырықтасқан, кейін жоғары көтерілді», — деді Чимаев.
Боец Перейрамен кездесу өтпесе де, басқа қарсыластармен шығуға дайын екенін айтты:
«Егер маған Нассурдин Имавов, Ренье де Риддер немесе Энтони Эрнандес берсе — мен үшін айырмашылық жоқ. Бастысы — жақсы ақы төлесе болды», — деп күлді ол.
Чимаевтың соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың тамызында UFC 319 турнирінде өтті. Ол Дрикус Дю Плессиді төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіп, UFC орта салмағының чемпионы атанды. Қазіргі таңда оның рекорды — 15 жеңіс және бірде-бір жеңіліс жоқ, бұл оны ұйымның ең үстем спортшыларының бірі етеді.
38 жастағы Алекс Перейра болса, 2025 жылдың қазанында Лас-Вегаста өткен UFC 320 турнирінде Магомед Анкалаевты бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, жартылай ауыр салмақ чемпионы атағын қайта иеленді. Оның кәсіби көрсеткіші — 13 жеңіс пен 3 жеңіліс.
Чимаев пен Перейра арасындағы ықтимал жекпе-жек UFC тарихындағы ең үлкен оқиғалардың бірі болмақ. Бұл кездесу әртүрлі стильдегі екі мықты чемпионды біріктіреді: Перейраның соққы күші мен техникасы — Чимаевтың жылдамдығы, төзімділігі және күрестегі үстемдігіне қарсы.