
Семейде 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында әйелдер арасындағы тартысты жекпе-жектер жалғасып жатыр.
57 келі салмақ дәрежесіндегі ширек финалда Ақмола облысының намысын қорғаған ұлттық құрама үздігі Карина Ибрагимова мен Шығыс Қазақстаннан келген Айшагүл Елубаева кездесті.
Жекпе-жек айқын басымдықпен өтті. Төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті Ибрагимоваға берді. Осылайша ол Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін кем дегенде өз атына жазып, жартылай финалға жолдама алды.
Карина Ибрагимова — әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері (2018, 2022 жылдары – қола, 2023 жылы – күміс) және 2022 жылғы Азия чемпионы.
Биыл Ливерпульдегі World Boxing әлем чемпионатының ширек финалында польшалық Юлия Шереметке жол беріп, жүлдесіз қалған еді. Бұл жолы Ибрагимова өз қарымын толық көрсетіп, ел біріншілігінде мықтылығын дәлелдеп келеді.