
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжанов Семейде өтіп жатқан 2025 жылғы ел чемпионаты барысында ерекше көзге түскен боксшыларды атап өтті.
Қайрат Сәтжанов чемпионаттағы жаңа есімдер мен жас дарындарға жоғары баға берді:
«Қазақстан чемпионатында өзіме ұнаған бірнеше боксшының есімін жазып алдым. Алдағы уақытта соларды ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына шақырып, халықаралық жарыстарда сынап көреміз», – деді бас бапкер.
Мұхит Нұрқабылұлы (Алматы облысы)
2007 жылы туған жас боксшы 65 келі салмақ дәрежесінде екі жекпе-жек өткізіп, жоғары деңгейдегі техникасын көрсетті. Сәтжановтың айтуынша, Нұрқабылұлының техникалық арсеналы бай, әрі ол алыс, орта және жақын қашықтықта тиімді жұмыс істей алады. Сонымен қатар тактикалық ойлау қабілеті жоғары екені ерекше атап өтілді.
Жәнібек Шешербаев (Қостанай облысы)
55 келі салмақта өнер көрсеткен жас боксшы бұл жолы жеңіліске ұшырағанымен бапкерлер штабы оны назарда ұстайтын болды.
«Бұл боксшының әлеуеті бар. Ұлттық құраманың жиындарына шақырып, мүмкіндігін тағы бір рет байқап көреміз», – деді Сәтжанов.
Қазақстан чемпионатының финалдық жекпе-жектері бүгін 21 қазанда өтеді. Турнир қорытындысы бойынша 2026 жылғы ұлттық құраманың құрамы бекітіледі.