
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетін World Boxing кубогы алдындағы жоспарларын айтты.
Бас бапкер журналист Аслан Қаженовке сұхбат берді.
«Әлем кубогы бір айдан кейін өтеді. Онда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы үлкен бәсеке жалғасады. Бізді небәрі бір “алтын” медаль айырып тұр. Негізгі мақсат — жыл қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иелену», — деді Сәтжанов.
«Қайда барсақ та, міндетіміз — жеңіс. Биыл қаңтардан бері барлық жарыстарда үздік нәтижелер көрсеттік. Қаңтарда — Испанияда, ақпанда — “Странджа” турнирінде, наурызда — Эйндховенде, кейін әлем кубогында және әлем чемпионатында да бірінші болдық. Әрине, мұның бәрі оңай болған жоқ», — деп атап өтті бас бапкер.
Қайрат Сәжанов спортшыларға әр турнирде алтын медаль талап ету оңай емес екенін де жасырмады:
«Әр жарыстан тек бірінші орын күту — спортшылар үшін үлкен психологиялық жүктеме. Мысалы, Сабыржан Аққалықов әлем кубогында бар күшін салды. Бірақ әлем чемпионатында сәл жетпей қалды. Дегенмен ол қорытынды шығарып, Қазақстан чемпионатында жоғары деңгейдегі өнер көрсетті. Оған “бес плюс” деген баға беруге болады», — деді ол.
2025 жылғы World Boxing әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жеті алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Өзбекстан құрамасы алты алтынмен екінші орынға тұрақтады.