Үндістан астанасы Нью-Делиде World Boxing ұйымының бокстан әлем кубогы өтіп жатыр.
Үндістан астанасы Нью-Делиде өтіп жатқан World Boxing ұйымының бокстан әлем кубогында Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары тартысты кездесу өткізді. 75 келі салмақта отандасымыз Аман Қонысбеков өзбек боксшысы Жавохир Абдурахимовпен жұдырықтасты.
Жекпе-жек толық үш раундқа созылып, соңында төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіс өзбек боксшысына берілді. Абдурахимов жартылай финалға шығып, кемінде қола медальды қамтамасыз етті, ал Қонысбеков турнирді марапатсыз аяқтады.
Аман Қонысбеков — Өзбекстанда туған, бірақ 2024 жылы Қазақстан атынан өнер көрсету туралы шешім қабылдаған боксшы. Ол мамыр айында Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленген болатын.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы бәсекелестік Азия мен әлем аренасында ең қызықты тартыстардың бірі саналады. Әсіресе орта салмақ санатында екі елдің спортшылары жиі финалдарда жолығып жүр.