Умар Кремлев бокстан Қырғызстан құрамасының визалық мәселесіне байланысты ресми шешімін жариялады.
Қырғызстандық БАҚ дерегінше, елдің бокстан ұлттық командасының 10 мүшесі Дубайда өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін БАӘ визасын уақытында ала алмаған.
Бұл жағдай ӘЧ-2025 басталар алдында үлкен резонанс тудырып, турнирдің әділ өтуіне қатысты сұрақтар көтерілген.
Умар Кремлев жағдайға байланысты Біріккен Араб Әмірліктері мен Қырғызстан үкіметтеріне ресми түрде жүгінгенін атап өтті. Оның айтуынша, IBA бұл мәселені шұғыл шешу үшін барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр:
«Біз Қырғызстанның ерлер құрамасын бокстан әлем чемпионатында көруге асығып отырмыз. Қазір БАӘ үкіметімен бірге қырғыз спортшыларына виза беру мәселесін жедел түрде шешіп жатырмыз. Сондай-ақ Қырғызстан үкіметінің қолдауына да үміт артамыз, өйткені боксшылар өз елін әлемдік рингте таныстыруы тиіс.
Әлем чемпионаты – бұл біздің ортақ бокс мерекесі. Әрбір боксшының, әрбір ұлттық құраманың дүниежүзілік аренада өзін көрсетуіне мүмкіндік болуы біз үшін өте маңызды», – деді Кремлев.
IBA басшысы ұйымның барлық командалар үшін тең мүмкіндік жасауға және турнирді барынша қолжетімді етуге ұмтылатынын ерекше атап өтті.
Бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты сейсенбі күні басталып, 13 желтоқсанға дейін жалғасады. Жарыс 13 салмақ дәрежесінде өтеді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры — 8,32 млн доллар:
Бұл сыйақылар мынадай үлеспен бөлінеді:
IBA әлем чемпионатында Қазақстан боксы да өз жорығын бастайды. Дубай рингінде ұлттық құрамамыз дәстүрлі түрде жүлде үшін таласатын негізгі фавориттердің бірі саналады.