Қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған Дубайдағы (БАӘ) 2025 жылғы әлем чемпионатында алғаш рет рингке шығып, өте сенімді жеңіске жетті.
Ертуған Зейнуллинов 1/16 финал кезеңінің 63,5 келіге дейінгі салмағында Моңғолия боксшысы Даваадалай Алтангэрэлмен күш сынасты.
Үш раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысы бойынша қазылар алқасы бірауыздан қазақстандық боксшының айқын басымдығын тіркеп, есепті 5:0 деп бағалады.Бірінші раундта Зейнуллинов қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Екінші раундта моңғол боксшысы тағы да бір нокдаунға ұшырады.
Еске сала кетейік, бокстан Қазақстан құрамасы IBA ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатына барлық 13 салмақ дәрежесінде қатысып жатыр.
Әлем чемпионаты 13 желтоқсанға дейін жалғасады. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 8,32 миллион доллар.