Отандасымыз наурыздың 1-інде кезекті жекпе-жегін өткізеді. Қарсылас - бұрынғы UFC чемпионы Брэндон Морено.
UFC-де өнер көрсететін америкалық файтер Оди Осборн (13-9) қазақстандық спортшы Асу Алмабаевтың (23-3) чемпиондық белбеуге жету мүмкіндігіне қатысты өз ойын білдірді. Осборнның айтуынша, Алмабаев титулдық жекпе-жекке әбден лайық және ол үшін нақты бір шарт бар:
«Менің ойымша, Асу чемпиондық айқасқа жете алады. Манел Капеден жеңілгеннен кейін ол қатты өсіп, айтарлықтай деңгейге көтерілді. Тіпті қарсыласының жерінде өтсе де, Брэндон Мореномен жекпе-жекте оны фаворит санаймын. Иә, Морено — бұрынғы чемпион, бірақ бабы бұрынғыдай емес. Ал Алмабаевтың мотивациясы әлдеқайда жоғары файтер. Егер ол Мореноны жеңсе, чемпиондық белбеу үшін айқас алатынына сенемін», — деді Осборн.
Еске сала кетейік, Асу Алмабаев келесі жекпе-жегін 1 наурызда Мехикода ұйымдастырылатын UFC Fight Night 268 турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы — мексикалық, бұрынғы UFC чемпионы Брэндон Морено (23-9-2). Отандасымыз соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың қарашасында өткізіп, америкалық Алекс Пересті (25-10) үшінші раундта сабмишнмен жеңді.
Оқи отырыңыздар:
"Ешкім ақша берген жоқ" — Артур Бетербиев IBA ӘЧ қомақты жүлдесі туралы