Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Рио-2016 Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желіде Геннадий Головкинге (GGG) қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Елеусіновтің айтуынша, жанкүйерлер арасында “Екеуіңнің араларыңда не болды?” деген әңгіме жиі айтылады. Боксшы бұл тақырыпқа нүкте қойып, Головкинмен байланыс жақсы екенін атап өтті.
“Кейбір адамдар GGG туралы сұрайды — арамызда не болды деп. Қарым-қатынасымыз жақсы, бәрі дұрыс. Бұрын кей сәттерде оны тәкаппарлау, өзін жоғары ұстайтын адам сияқты қабылдағанмын. Қазір түсіндім. Қазір арамызда ешқандай мәселе жоқ. Өйткені біз бір елдің, бір тудың атынан шығамыз. Мен де ол сияқты болғым келеді”, — деді Данияр Елеусінов Instagram парақшасында.
Қазір Данияр Елеусінов – Қазақстан тарихында бокстан соңғы Олимпиада чемпионы (Рио-де-Жанейро, 2016). Сол жылы кәсіпқой боксқа ауысып, профиде 13 жекпе-жек өткізді. Оның 8-і нокаутпен аяқталып, Елеусінов әзірге жеңіліс көрмеген.
Геннадий Головкин соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде рингке шығып, трилогиядағы шешуші кездесуде мексикалық Сауль “Канело” Альварестен төрешілер шешімімен жеңілді.
Екі боксшы да бір кезеңде АҚШ-та тұрғанымен Елеусінов бұған дейін берген сұхбаттарының бірінде Головкинмен аса жақын араласпайтынын, тікелей байланыс сирек болатынын айтқан. Головкин негізінен Калифорнияда жаттықса, Елеусінов 2025 жылдың желтоқсанына дейін Флоридада өмір сүріп, кейін Қазақстанға оралған.