Бұл жөнінде ACA лигасының жеңіл салмақтағы файтері Артём Резников пікір білдірді.
Қазақстандық ММА жанкүйерлері үшін 2025 жылдың ең үздік файтері кім болғаны белгілі болды. Бұл жөнінде ACA лигасының жеңіл салмақтағы файтері Артём Резников пікір білдірді.
Артём Резниковтің айтуынша, 2025 жылы қазақстандық файтерлер арасында ең көп есте қалғаны — Қуат Хамитов.
“Жыл файтері ме? Соңғы уақытта ең көп көзге түскені — Қуат Хамитов. Ол жекпе-жекте жеңді, әрі ACB JJ турнирінде де баттл ұтып алды. Ал тағы кім бар?” — деді Резников.
Резников ММА-да тек жеңіс емес, ақпараттық әсер де үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
“Қуаттың ерекшелігі — ол адамдар сенбеген жекпе-жектерде жеңіске жетті. Әдемі жеңді. Бойкомен жекпе-жектен кейін ән айтты, Рашид Магомедовты жеңген соң Арман Царукянды шақырды. ММА — тек спорт емес, аздап шоу да болуы керек”, — деді файтер.
Резников Жалғас Жұмағұловтың Oktagon лигасындағы чемпиондығын да жоғары бағалады, бірақ оның жекпе-жектері кең аудиторияға жетпейтінін айтты.
“Жалғас чемпион болды — бұл өте керемет. Оны құттықтаймын. Бірақ оның жекпе-жектері көп көрсетілмейді. Ал Қуаттың жеңістерін көрермен өз көзімен көріп отыр”, — деді ол.
Сонымен қатар, Резников Асу Алмабаевтың UFC-дегі маңызды жеңісін де ерекше атап өтті.
“Асу да есте қалды. Өте қиын жекпе-жек болды. Бір сәтте ұтылып жатқандай көрінді, бірақ соңында мінез көрсетті. Базровтың айтқан бір ауыз сөзі шешуші рөл атқарды, содан кейін гильотинамен жеңді”, — деді Резников.