Валерия Аксёнова Болгарияның астанасы Софияда беделді халықаралық "Странджа" турнирінің финалында жеңіске жетті.
80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде (80+ кг) Аксёноваға өзбекстандық Олтиной Сотимбоева қарсы тұрды. Үш раундқа созылған жекпе-жектен кейін төрешілер қазақстандық боксшының басымдығын толық мойындап, бір ауыздан 5:0 есебімен жеңісті Валерияға берді.
Осылайша Валерия Аксёнова — турнир чемпионы атанды.
"Странджа кубогы" — Еуропадағы ең көне бокс турнирлерінің бірі саналады. 2026 жылы бұл бәсеке 77-рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын мұнда әлемнің түрлі елдерінен мықты боксшылар жиналып, нәтиже "үлкен чемпионаттар" алдындағы маңызды көрсеткіш ретінде бағаланады.
Айта кетейік, турнирге бастапқыда Қазақстан атынан 39 боксшы қатысқан. Алайда олардың ішінен тек алтауы финалға дейін жетіп, жүлде үшін шешуші айқастар өткізді.