Орталық Азиядағы жетекші ММА лигасы OCTAGON 85 турнирі аясында Қазақстан мен Өзбекстан файтерлері арасындағы қызықты жекпе-жекті ресми түрде жариялады.
2 сәуір күні Ташкенттегі ірі турнирдің кардында жанкүйерлер күткен медиа-жекпе-жек пайда болды. Өзбекстанның танымал медиа-файтері, Instagram желісінде 1 миллионнан аса оқырманы бар Огабек “Сатурн” Абдумуминов (4-0) қазақстандық театр және кино актері Қазбек Төлегенмен (1-0) күш сынасады.
Бұл OCTAGON 85 кешінде ең көп талқыланатын айқастардың біріне айналуы мүмкін. Бір тарапта — әлеуметтік желіде үлкен аудитория жинаған “Сатурн”, екінші жақта — Қазақстан атынан октагонға шығатын актер әрі дебютін сәтті бастаған Қазбек Төлеген.
OCTAGON 85 турнирінің басты оқиғасында жартылай орта салмақта чемпиондық айқас өтеді. Қазақстанның қазіргі чемпионы Богдан Пшебельский (7-2) тор ішінде өзбекстандық “хайлайт-машина” атанған Шохасан Мирзаматовпен (16-4) кездеседі.
Кештің ко-мэйн ивентінде жеңіл салмақта вакантты чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Қазақстандық Еламан Жетпісбай (7-1-1) турнир қожайыны Жамолиддин Рахмонжоновпен (7-1-1) титул үшін айқасқа шығады.