Irfin Promotions промоутерлік компаниясы кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген қазақстандық Саматәлі Төлтаевтың (6-0, 3 КО) келесі қарсыласын ресми түрде жариялады.
Саматәлі Төлтаев 4 сәуір күні Бангкокта вьетнамдық, IBF Asia-ның бұрынғы чемпионы Хонг Куан Динмен (12-2-1, 4 КО) қолғап түйістіреді.
Жекпе-жек 63,5 кг, яғни екінші жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді. Ұзақтығы 8 раунд болады.
Саматәлі Төлтаев – жас буыннан шыққан тәжірибелі боксшы. Әуесқой бокста да нәтижелі өнер көрсетіп, бірқатар халықаралық медаль жеңген.
Айта кетейік, оның егізі Санатәлі – Қазақстан құрамасының мүшесі. Ал Саматәлі кәсіпқой рингте 2024 жылдан бері жұдырықтасып, әзірге жеңіліссіз сериясын жалғастыруда.
Вьетнамдық Хонг Куан Дин — 2022 жылы өз елінің боксы үшін ерекше оқиға жасаған спортшылардың бірі.
2022 жылдың сәуірінде филиппиндік Делмар Педиоканды төрешілердің бір ауыздан шешімімен жеңіп, IBF Asia белбеуін иеленді.
2022 жылдың 10 желтоқсанында тағы бір филиппиндік Арнель Баконахемен титулды қорғау жекпе-жегін өткізді. Дин жеңіске жеткенімен IBF ережесіне сай салмақ түсіре алмаған спортшы титулды жеңсе де сақтап қала алмайды. Сол себепті ол белбеуден айырылды.