Қазақстандық журналист ерлер құрамасының Софиядағы халықаралық "Странджа"-2026 турниріндегі нәтижесіне қатысты пікір білдірді.
Журналист Ақырыс Сейітқазының жазуынша, дәстүрлі "Странджа" турниріне барған ерлер құрамасы 19 боксшы апарғанымен бар болғаны екі медаль еншіледі.
Қалған боксшылардың басым бөлігі жартылай финалға да жете алмаған.
Қазір көпшілік жаңа бас бапкерді ақтауға тырысып жатқанын атап өткен ол "жастар мен резерв басқа жақта, негізгі құрам Азия чемпионатына дайындалып жатыр" деген уәждер айтылып жатқанын жеткізді. Дегенмен журналистің ойынша, жыл сайын деңгейі төмендеп бара жатқан турнирден екі медальмен ғана оралу алаңдатарлық көрсеткіш.
Сейітқазының мәліметінше, Қазақстан өзін жиі салыстыратын Өзбекстан құрамасы бұл жарыста жалпы 9 медаль жеңіп алған, оның үшеуі алтын. Сонымен қатар финалға бес өзбек боксшысы шыққан.

Осы тұста журналист Қазақстан боксы қазір Өзбекстаннан қалып қойып отырғанын жасырмау керектігін меңзейді.
Постта төрешілердің шешімдері де Қазақстанға қарсы жұмыс істегендей әсер қалдыратыны айтылады. Бұдан бөлек, Олимпиадаға екі жыл ғана қалғанда бас бапкерді ауыстырып, команданың ішкі тұрақтылығын шайқалту қаншалықты дұрыс деген сұрақ та көтерілген.
Журналист "Странджа" турнирін бәрі бірдей мықты жарыс санамайтынын еске салды. Оның сөзінше, былтыр федерацияның бас хатшысы Мерей Ақшалов сұхбатында бұл турнирдің беделі төмендегенін атап өткен.
Сейітқазының пікірінше, бокстан ресми жарыстардың саны аз болғандықтан құраманың Испаниядағы Boxam турниріне және Болгариядағы "Странджаға" жиі қатысуына тура келеді.